Валюта:
  • USD / KZT - 512.44
  • EUR / KZT - 593.15
  • RUB / KZT - 6.52

    Жоғалған 4 жасар бүлдіршін базардан табылды

    15 тамыз, 14:19

    Бұл туралы Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.

    Сарыағаш АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне 4 жасар баланың жоғалғандығы туралы хабарлама келіп түседі. Аталған жайттан хабардар болған полицейлер бірден оқиға орын алған жерге аттанады. Ата-анасымен сөйлесіп, көршілерінен сұрақ-жауаптар алады.
    Содан соң сақшылар бірнеше топқа бөлініп, ата-анасымен бірге, баланың баруы мүмкін деген аймақтарды, аудан көшелерін, халық көп шоғырланған жерлер мен бала-бақшаларды тексере бастайды.

    Бір сағаттан соң тыңғылықты тексерудің нәтижесінде базарға қарай бағыт алып, сол маңды тексеруді өзіне жүктеген полицей Ербол Тайманов базардың ішінен бүлдіршінді кездестіреді. Осылайша қырағы полицей адамдар көп шоғырланған базар ішінен әлі тілі толық шықпаған бүлдіршінді тауып, ата-анасына дін аман табыстайды.

    Жәбірленушінің айтуынша, бала таңғы асын ішіп болған соң, ауладағы көршілердің балаларымен ойнауға шыққан. Бірер сағаттан соң, анасы бүлдіршінді іздеп шыққанда оны таба алмаған. Осылайша баласынан қас қағым сәтте көз жазып қалған ата-ана полицияға бірден хабар берген.

    Бір қызығы бүлдіршін базар ішінде жылап, ешкімнің назарын аудармаған. Өзімен-өзі сауда жасап жүргендей, ойыншықтарды қызықтап аралап жүрген.
    Немересінің дін аман табылғанына қуанған әжесі Сарыағаш АПБ-нің полицейлері мен ювеналды полиция тобының аға инспекторы Ербол Таймановқа шексіз алғысын жеткізді.