Жыл басынан бері Алматыда алкоголь өнімдерін шығаратын 14 жасырын цех анықталды

12 қараша, 11:05

Алматы қаласы, Алатау ауданында алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цех жұмыс істеп келген. Бұл туралы қалалық Экономикалық тергеу департаменті хабарлады. Департамент мамандары жүргізген жедел іздестіру жұмыстары барысында жалған акциз маркалары жабыстырылған, нарықта өте өтімді арақ түрлерін өндіретін цех жұмысы анықталды. Тексеру барысында алкогольді ішімдік құйылған 1800 бөтелке «Айдабульская», «Хаома», «Хаома зеренда», «Capital Black», «Белая Лошадь» ішімдігі, «Казахстан» коньягі және 4000 акциз маркасы мен 1300 тонна спирт тәркіленді. Бұл факті бойынша ҚР ҚК 233-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Айта кетейік, қалалық Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, 2019 жылдың 10 айында Алматыда 14 жасырын цех анықталды. Заңсыз айналымнан 30 мыңнан астам бөтелке алынып, 10 тоннадан астам спирт тәркіленген.