Шымкент зообағына - 39 жыл

29 сәуір, 17:36

Шымкент зообағына 39 жыл толды! Оны салуға облыстық Компартия комитетінің хатшысы Асанбай Асқаров себепші болды. Зообақ салу туралы Шымкент облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің қаулысы 1979 жылдың 11 желтоқсанында шықты.

Мұрағат құжаттарында: "...хайуанаттар паркінің құрылысына қаланың және облыстың 54 ұйымы ерікті негізде қатысты. Қаланың бос жатқан шетінде көптеген ұжымның жанкешті еңбегінің арқасында қысқа мерзім ішінде жануарлардың қоныстанған әсем оазисті қалашығы пайда болды" деп жазылған.

1980 жылдың 29 сәуірінде зообақтың ресми ашылуы өтті. Зообаққа 202 жануар түрі қоныстанды. Барлығы - 1850 аң.

Хайуанаттар бағына келушілер үшін радиолекция жүрді, онда жануарлар түрлері, мұнда мекендейтін жануарлар туралы, хайуанаттар бағындағы тәртіп ережелері туралы егжей-тегжейлі айтылды. Қазіргі таңда Шымкент зоопаркінде 254 түрлі 2400-ден астам жануар бар.