Бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы мұнара мен көпір бұзылатын болды
Қала əкімі осындай өкімге қол қойды. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мəлімдеді.
Сондай-ақ, зауыт аумағында орналасқан үйлер мен әлеуметтік нысандарға құбырдың құлау қаупі жоқ екені айтылды.
- Тұрғындардың өтініштерінен кейін төтенше жағдай қызметі, жергілікті полиция қызметі, прокуратура, Южполиметалл мекемесі және банк қызметкерлерімен бірге қорғасын зауыты аумағындағы қауіпті нысандарды анықтау туралы шешім қабылданды. Тексеру нәтижесінде көпір мен құбыр апатты жағдайда және бұзу қажет екені белгілі болды. Бұзудың екі жолын қарастырдық – бірі нысан иелерінің күшімен, екіншісі – әкімдік тарапынан. Нысан иелерінің де, банктің де мұндай жұмысты жүргізуге мүмкіндігі болмағандықтан, бұл істі әкімдік қолға алатын болды. Тиісті өкімге Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қол қойды - деді Бейсенбек Жанбосынов.
Қала əкімінің орынбасары құбыр бөлшектеп бұзылса қалаға қарай емес, Бадам өзені жаққа құлайтынын айтты.
- Сол маңдағы үйлерге де, кәсіпорынға да ешқандай қауіп жоқ. Алайда мынаны ескеру керек - 210 метр биіктіктен және 500 мың тонна салмақпен жерге құлайтын құбыр 2-3 балдық жер сілкінісін туындатуы мүмкін. Көпірді бұзғанда да біршама мәселе туындайды. Шымкенттен Мәскеу және Алматы бағытындағы көлік қозғалысы тоқтайды.
Еске салсақ, қорғасын зауыты - қаламыздағы ірі кәсіпорынның бірі болды. Бірақ, біраз жылдан бері жұмысын тоқтатқан зауыт аумағы қараусыз қалған, тек құрылыс бөлшектерін жинаушылар ғана жүреді. Олардың әрекеттерінің кесірі зауыттың апатты жағдайына алып келді.