Түркістан облысында мал ұрлауды кәсіп еткен қылмыстық топ ұсталды

16 қазан, 10:51

​Түркістандық полицейлер әккі барымташыларды қолға түсірді, деп хабарлайды Elitar.kz. Облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасы мен Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт және Ордабасы ауданының полицейлері жүргізген жан-жақты тексеру жұмыстары өз нәтижесін берді. Олар аталған аудандарда мал ұрлығын кәсіп етіп келген қылмыстық топты анықтады. Топтың 31 мал ұрлығына қатысы бар белгілі болды.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, күдікке ілінгендердің барлығы облыс тұрғындары болып шыққан.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде ұйымдасқан қылмыстық топтың жоспары ашылып, әрқайсысының атқаратын қызметі анықталды. Олардың арасындағы келісім бары расталып, қылмысты жасаудың барлық кезеңдері құжатталды. Күдіктілердің Түркістан облысы аудандары аумағында жасалған 31 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ұсталғандар Шымкент және Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Ұрланған жылқылардың бір бөлігі айғақты зат ретінде алынып, иелеріне қайтарылды» делінген ІІД баспасөз қызметі берген мәліметте.

Қазіргі таңда анықталғаны күдіктілердің жәбірленушілерге келтірген жалпы шығын көлемі 106 млн теңгені құрап отыр. Барымташылар Төлеби, Сайрам, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы аудандарында қылмысын жүзеге асырып келген. Полицейлердің анықтауы бойынша, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы топтың әр мүшесіне өз міндетін белгілеп, қолды еткен малды сатып, ақшаны өзара бөліп отырған. Ұрланған малдарды Шымкент қаласындағы өз үйіндегі мал қорасында ұстап, кейінірек облыстың басқа аудандарындағы мал базарларда сатқан.

Күдіктілер кінәсін толығымен мойындаған. Бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басшылық ету» және «Ірі мөлшерде жасалған ұрлық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданды.