Төлебиде тұңғыш рет балаларды саумалмен емдейтін орталық ашылады

16 қазан, 11:29

​Түркістан облысы, Төлеби ауданында бұрын-соңды болмаған емдеу-сауықтыру орталығы іске қосылмақ, деп хабарлайды Elitar.kz.

Орталық Көксәйек ауылдық округінде бой көтеруде. 50 балаға арналған саумалмен емдеу мекемесі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл жобаға жеке кәсіпкер қаржысы есебінен 300 млн теңге жұмсалып отыр.

Аудан әкімі Бауыржан Омарбеков Төлебиде саумалмен емдеу орындары болғанымен, балаларға арналған орталық алғаш рет іске қосылғалы тұрғанын мәлімдеді. Жергілікті билік емдеу-сауықтыру мекемесінде ем алу үшін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды жіберуді мақсат тұтып тырғанын жеткізді.

«Орталық мемлекетке бағынбайды, толықтай жекенің меншігінде болмақ. Дегенмен біз жазғы демалыс күндері әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларды лагерьлерге тегін жібереміз ғой, тура сол секілді бұл орталыққа да сондай балаларды қарастыру мүмкіндігіміз бар»,-деді аудан әкімі.