​Қазақстанда мыңнан астам лауазымды тұлға жемқорлық бойынша жауапқа тартылуда

13 желтоқсан, 15:11

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz.

Ресми өкілдің айтуынша, 2018 жылдың басынан бері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының қызметкерлерімен 2432 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 1778 факті немесе 73% сыбайлас жемқорлыққа байланысты. Жартысынан көбісі – 56% (1778 фактінің 997-сі) пара алуға, 45% (793) жымқыруға қатысты.


Жалпы жемқорлық бойынша 1096 лауазымды тұлға жауапқа тартылуда. Оның ішінде республикалық дәрежедегі 20 басшы, облыстық деңгейдегі 83, қалалық және аудандық деңгейдегі 134 басшы бар.
«Ерекше назарға алатын жайт, Қазақстанда 2 жыл қатарынан жемқорлық құбылыс деңгейінің тұрақты төмендеуі сақталып келеді. Бұл – жемқорлыққа қарсы кешенді және жүйелі іс-шараларды жүзеге асырудың, сондай-ақ, азаматтық қоғам мен бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмылдырудың нәтижесі. 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы жемқорлық құқық бұзушылық 17,7%-ға аз тіркелді. Ал биылғы 11 айда жемқорлық қылмыс көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда тағы 7%-ға азайды.
Айта кетейік, бірқатар өңірлерде жемқорлық қылмыстың едәуір азайғаны байқалады. Басқа аймақтармен салыстырғанда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақтөбе облыстарында сыбайлас жемқорлық аз. Сонымен қатар мұндай құқық бұзушылықтар Жамбыл облысында 45%-дан астам, ал Қарағанды облысында 30%-дан астам мөлшерге кеміді, - дейді Жанна Бастарова.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бірқатар мемлекеттік органдарда де төмендеп келеді.
«Бұл тұста жағдай инвестиция және даму министрлігінде (84-тен 32-ге дейін) және ұлттық экономика министрлігін (16-дан 6-ға) мысалға келтіруге болады. Білім саласында (213-тен 163-ке дейін, 23%) және әлеуметтік қамсыздандыру саласында (99-дан 43-ке дейін, 56%) да сыбайлас қылмыстар едәуір азайды», - дейді ресми өкіл.
Айта кетейік, азаматтардың арыздары бойынша анықталған жемқорлық әрекеттер де аз емес. Биыл нақтыланған жемқорлық фактілері бойынша 180 азаматқа 25,8 млн теңге сыйақы төленген.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері еске салады – кез келген азамат сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Агенттіктің республикалық call-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарласа алады. Бұл орталық тәулік бойы қоңырау қабылдайды.
Бұған қоса Агенттікке немесе Ұлттық бюроның кезекші бөліміне жазбаша арыздануға, Агенттік төрағасының ресми блогына арыз жазуға немесе төрағаның жеке электронды поштасына хат жазуға болады.