19 жасар шекарашы «Ақжон» шекара бекетінде мерт болды

21 қараша, 11:00

Қайғылы жағдай Өскемендегі шекара заставасында болған. Алдын ала болжам бойынша, қатардағы жауынгер Әлихан Қожагелдиев өзіне-өзі қол жұмсаған. Сол бір қайғылы күні шекараны күзетуге кеткен, бірақ, кеудесінің екі жерінен оқ жарақатын алды, деп хабарлайды «31 телеарна».

17 қараша күні Әлихан күзеттегі аға шекарашымен бірге мемлекеттік шекараны күзетуге атпен шығады. Жолда қарудың бөлшегін – компенсаторды жоғалтып алыпты. Бұл туралы бекетке хабар бермей, қаруласы Артем Дереглазов екеуі іздейді. Таппаған соң Әлихан жауапкершіліктен қорқып, өзіне-өзі қол жұмсапты-мыс.

«Ресми болжам – қатардағы жауынгер өзіне-өзі қол жұмсады. Себебін айта алмаймын, қазір Өскемен гарнизоны бойынша әскери-тергеу басқармасы мен әскери прокуратура тергеу амалдарын жүргізуде», - деп жауап берді журналистердің сұрақтарына 2017 әскери бөлімінің командирі Ерік Тұрғанбаев.
Марқұмның туыстары бұл болжамға сенбейді. Олардың айтуынша, Әлихан ешқашан мұндай қадамға баратын жігіт емес. Ол колледжі қызыл дипломмен тәмамдап, биыл университетке «Есеп және аудит» мамандығы бойынша грантқа түскен. Анасына қолғанат болып, үмітін ақтауды армандаған дейді сарбаздың жақындары.
Әлиханның туыстарына командирлер оқиғаның жалғыз куәсі Артем Дереглазовтың үстінен «Өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал қарудың бөлшегі металл іздегіш құралдың көмегімен табылған.
ФОТО: zakon.kz