Өңірдің 66 тұрғыны қандай жағдайда пара немесе сыйлық бермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің тапсырысы бойынша "Сыр медиа" өңірлік медиа-холдингінің ақпараттық-талдау орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытындысы осындай. Сауалнаманың мақсаты - облыс халқының сыбайлас жемқорлық туралы пікірін анықтау.
"Әлеуметтік зерттеу барысында сұралған облыс тұрғындарының 66 пайызы қандай жағдайда сыйлықтар немесе пара бермейтінін көрсетті. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға өсті" деп атап өтті департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.
Сонымен қатар, респонденттердің 19 пайызы пара беруден басқа амалдары жоқ екенін айтқан. Егер пара бермесе, оның соңы неге әкеп соғатыны сауалнамада айтылмайды. Жалпы сұралғандардың 94,5 пайызы сыбайлас жемқорлыққа теріс қарайды.
"Өз мәселелерін шешу үшін пара беруге немесе мемлекеттік қызметшіні ынталандыру үшін сыйлық беруге соңғы кезде тап келген бе?" деген сауалға респонденттердің 83,3 пайыз теріс жауап берді.