БҚО әкімдігі 57 млн теңгеге өздеріне автопарк салып алмақшы

06 ақпан, 16:53

Мемлекеттік сатып алу сайтында БҚО әкімдігіне қызмет көрсету үшін көлік қызметтерін сатып алу бойынша 57 млн теңге сомаға тендер пайда болды. Мұндай ақшаны билік әкімдік қызметкерлерінің автокөліктеріне қызмет көрсетуге жұмсағысы келеді, деп хабарлайды УН.

Лотқа қоса берілген құжаттамада конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар қамтылған.

Көрсетілетін көлік қызметтеріне келесідей автокөлік түрлерімен, тұрақты автокөлік тұрағының жиынтығы болуы шарт:

- сол жақтан басқарылатын, түсі қара, шығарылған жылы 2007 жылдан бұрын емес, бензинді қозғалтқышы бар, трансмиссия - автоматты, кемінде 2 қауіпсіздік көпшігі, орын саны -5, жүктемесіз автомобильдің рұқсат етілетін салмағы 1200-нан 2070 кг шегінде 14 жеңіл автокөлік құралы;

- сол жақтан, қолмен басқарылатын, шығарылған жылы 2014 жылдан бұрын емес, бензинді қозғалтқышы бар, трансмиссия - механикалық, орын саны - 5, жүктемесіз автомобильдің рұқсат етілетін салмағы 1210 -нан 2090 кг шегінде 2 жеңіл автокөлік құралы;

- материалдар тасымалдауға арналған автомобиль, шығарылған жылы 2014 жылдан бұрын емес, қозғалтқыш көлемі кемінде 2800 текше метр, жүктемесіз автомобильдің салмағы кемінде 2000 кг;

- жолаушыларға арналған (13 орыннан көп емес), шығарылған жылы 2017 жылдан бұрын емес, қозғалтқыш көлемі кемінде 2890 текше метр, жүктемесіз автомобильдің салмағы кемінде 2350 кг;

- кемінде 0,38 га аумақта орналасқан, алаңы кемінде 1000 шаршы метр жабық гаражы, автомобиль жуу орындары, қойма орынжайлары бар Орал қаласының орталық бөлігінде орналасқан тұрақты көлік тұрағы. Бұл ретте жер учаскесіне акті бір кадастрлық нөмірмен берілуі тиіс. Телевизиялық бейнеқадағалау жүйесінің болуы.

Сонымен қатар, өнім беруші қызметтерді көрсету барысында:

- жүргізушілермен қамтамасыз ету және ұстау;

- медицина қызметкерін және қызметтер көрсету үшін қажетті өзге де персоналдарды ұстау;

- жанар-жағармаймен қамтамасыз ету;

- санитарлық және өртке қарсы нормаларды сақтай отырып, шаруашылық жұмыстардың қажетті іс-шараларын өткізуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нысандарды күзетуді ұйымдастыру;

- пайдалану нысандары аумақтарын абаттандыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету;

- профилактика, техникалық тексеру, сақтандыру, жөндеу, күтіп-ұстау және жөндеумен байланысты өзге де көзделмеген шығыстар бойынша шығындар, профилактикалық жұмыстарды жүргізу, коммуналдық және өзге де көзделмеген қызметтерді төлеу арқылы қызмет көрсету нысандары аумақтарында ішкі және сыртқы инженерлік жүйелер мен желілердің үзіліссіз және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді. Сонмен қатар ішкі жайлардың, ғимарат қасбетінің, оған іргелес жатқан аумақтардың тазалығын сақтауды, ғимаратты және ішкі жайларды мерекелік және өзге де даталарға байланысты безендіруді қамтамасыз ету, шаруашылық құралдарымен, шығыс материалдарымен, жиһазбен, сантехникамен, қосалқы бөлшектермен, жабдықтармен және қажет болған жағдайда хаттамалық бөліктің өзге де жоспарланбаған шығыстарын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме алады.

Көлік қызметтерін сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысу кезінде оған қатысушы әлеуетті өнім берушінің иелену және/немесе иелік ету құқығымен мүлкі болуы қажет, олар конкурс қорытындылары бойынша аппараттың иелік етуіне және пайдалануына ұсынылатын болады.