Биылғы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджет 5 трлн теңгеден аса салық түсімдерімен толықты.
«Биылғы қаңтар-тамыз айларында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 91,4%, оның ішінде республикалық бюджет 80,9% және жергілікті бюджет 116,4% атқарылды. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдері өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 11,1%-ға төмендеумен 5 158,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджет бойынша 24,4 пайызға кеміді, жергілікті бюджет бойынша 25,1 пайызға өсті», - деп мәлімдеді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметі
Төмендеудің себебі сыртқы және ішкі факторларға байланысты экономикалық ахуалдың нашарлауы болып отыр. 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде мұнайға 36,5%, мырышқа 18,3%, алюминийге 10,9%, қорғасынға 9,3%, мысқа 5,9% бағаның төмендеуі байқалады.
“2020 жылғы 8 айда үшінші елдермен тауар айналымы 11,9 пайызға азайды. Оның ішінде тауар айналымының 20,7 пайызға төмендеуі ағымдағы жылғы тамызға келіп отыр”
Биылғы 8 айда жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері бойынша жоспар 275 млрд теңгеге артық, 116,4% -ға орындалды. Жергілікті бюджет жоспарының артығымен орындалуына корпоративті табыс салығының жергілікті бюджетке берілуі әсер етті.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды