20 ақпан, 09:44
Өгей әкесі 5 жасар баланы өлімші етіп соққыға жыққан. Балақай көптеген жарақатынан ауруханада көз жұмды.
Шымкентте сот 5 жасар баланы өлтіргені үшін өгей әкені 8 жылға түрмеге қамады. Бұл сұмдық оқиға өткен жылдың 5 желтоқсаны күні сағат 20:00-де Қарабастау ауылында болған, деп жазады Elitar.kz
Достар көшесінде тұратын кісі Құптан намазын оқу кезінде 5 жасар баланың азанды дұрыс айтпағанын байқапты. Осы үшін балақайды жазаламақ болып, дәлізде ұрып-соғып, тепкен.
Ауыр жарақат алған бала сол күні облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Бірақ, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Балақай көптеген жарақатынан ауруханада көз жұмды.
«Еңбекші сотының 2019 жылғы 19 ақпандағы шешімімен айыпталушы Е.Ж. ҚР ҚК 106-бабының 3-тармағы бойынша айыпты деп танылды. Сот оны қауіпсіздігі орташа тәртіптегі түрмеге 8 жылға қамау жазасына кесті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Автор:
Жанна Шоман