​Түркістанның өкіл имамы ішімдікке сылқия тойып алған "молдаға" қатысты пікір білдірді

13 қараша, 16:41

Әлеуметтік желіні шулатқан "молдаға" қатысты жаңа дерек пайда болды

Ер кісі Түркістан облысындағы Шұбарсу ауылының молдасы болмай шықты.

"Түркістан Қожа Аxмет Яссауи" орталық мешітінің басшылығы белгісіз азамат Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының да, Түркістан облыстық өкілдігіне қарасты мешіттердің де қызметкері еместігін xабарлайды. Ол кісінің үстіндегі киімі де, басындағы сәлдесі де Мүфтият белгілеген имамдарға арналған үлгіде емес. Сондықтан сәлде оранып, шапан кигеннің бәрі мешіт молдасы емес",- деді Түркістан облысының өкіл имамы, "Түркістан Қожа Аxмет Яссауи" орталық мешітінің бас имамы Мұсабек Ақтамберді.

Түркістан облыстық Дін істері басқармасындағылар аталған азаматтың жеке басы анықталу үстінде екенін, әлеуметтік желілерде тарап кеткен мас адамның шын мәнінде молда еместігін, Шұбарсу ауылында ресми түрде жұмыс жасап жатқан 4 молданың қатарында жоқ екендігін ресми түрде растады. Атап өтерлігі, ерсі видео желіге тараған соң оның жалғасы ретінде тағы бірі пайда болды. Онда ішімдікке сылқия тойып алған азаматты видеоға түсірдім деген белгісіз ер кісі өзі молда деп айтқан адамның шын мәнінде молда емес екенін айтып, білместікпен жасаған әрекеті үшін бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұрады. Алайда ол бұл мәлімдемесін әлдекімнің ықпалымен айтқанын байқауға болады.

Еске салсақ, бұған дейін мас xалде көше кезген шұбарсулық молда киіміндегі ер кісі жайлы видеомен бөліскен болатынбыз. Онда масаң күйдегі ер кісі белгісіз азаматтан сыра әкеліп беруін сұрап, тіпті бейәдеп сөздер айтқанын байқауға болады.


Видео: желіден алынды