Абайдағы 7 жасар бала зорлығы: Сотталушының анасы көпшілік білмейтін дерекпен бөлісті (ВИДЕО)

18 қаңтар, 20:15

Қылмыстық істегі басты куәгерлердің бірі жәбірленуші тарап үйіне бірнеше рет келіп, "бәрін көрдім" деп айтуын өтініп келгенін мәлімдеді.

Түркістан облысы, Абай ауылындағы зорланды деген 7 жасар баланың ісі әлі де ел назарында. Қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға өткен жылдың көктемінде белгілі болды. Бүлдіршіннің әжесі жиен немересін жоғары сынып оқушылары бірнеше айлар бойы зорлап келгенін айтып арызданған болатын. Бір жылға жуық қаралған іске қаңтардың 10-ы күні сот нүкте қойды. Күдікке ілінген төрт жасөспірімнің үшеуіне қатысты іс олардың 14 жасқа толмауына байланысты тоқтатылып, тек біреуі жауапқа тартылды. Сот шешімімен айыпталушы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда сот үкімімен айыпталушының туыстары келіспейді. Аппеляциялық шағым түсіріп, істің әділ жүргізілуін талап етеміз деп отыр. Шындық іздеп шырылдаған жасөспірімнің анасы сот медициналық экспертизада зорлану белгісі анықталмаса да балам жазықсыз сотталды дейді.


«Экспертиза таза шықса, бірақ экспертизаға сенбейтін болса, эксперттердің бәрін алып тастасын... Қолыма экспертиза түсіп отырғаннан кейін мен сіздерге сенімді болып айтып отырмын. Ол кезде мені ешқайсысы шығарған жоқ, сөйлеткен жоқ балаңа кесірі тиеді деп. Қорытындысы таза шыққан, зорлық болмаған. Экспертиза таза шығып тұрып қалай қамайды баламды 7 жылға?»,-деді сотталушының анасы Гүлайша Әлімова.

Келіншекке тіпті құзырлы органдағылардың өздері ұлыңыз ақталып шығады деп сендірген екен.

«95 пайыз балаңыз ақталып тұр, тек 5 пайызы баланың айтуымен деп маған келіп айтты... Беттестіруде отырдық. Авдокаты, Бас прокурордың көмекшісі, психологтар да сонда болды. Баламды да отырғызды. Адвокат «Азаматты танисың ба?»,-деді. «Танимын»,-деді ол. «Саған осындай жаман іс-әрекет жасады ма?» десе, бала «Істемеді»,-деді. «Мүмкін сен одан қорыққаннан кейін «жоқ» деп айтып отырған шығарсың? Шыныңды айтшы»,-деді авдокат. Бала болса, «Жоқ, мен Азаматтан қорықпаймын»,- деді. Сол кездің өзінде баланың өзі айтып тұр Азамат жоқ деп, білмеймін мына соттың қандай сот екенін түсінбедім мен...

Зорлық әрекеті орын алды делінген қараусыз қалған нысанға аяқ аттам жерде тұратын Рита Наурова сотта басты куәгер болған. Тұрғын бұл оқиғаға қатысты былай дейді.

«Ол үй біздің үймен бір аулада орналасқан. Ауламыздан ары-бері көп адамдар өтеді. Кезінде ол үй арқылы мектеп оқушылары да өтетін. Егер қандай да бір шу шығып немесе әлдене нәрсе орын алса, біз міндетті түрде еститін едік»,-деді Рита Наурова.

Үйімнің алдында біреу әлдекімді зорлап жатса, мен де қол қусырып отырмай, полицейлерді шақырар едім деген ол бұл оқиға туралы теледидардан көріп бір-ақ білдім деді. Елдің жағасын ұстатқан ақпарат жария болған соң жәбірленуші тарап үйіме келіп, мазамды ала бастады деп отыр.

«Егер мен бұл жағдайды көрмесем, баланы қалай кінәлі деймін? Қалай көрмегенді көрдім деп айтамын? Бір рет келді маған, жарайды делік. Мен оларға ешнәрсе көргенім жоқ дедім. Бірақ қайта-қайта келе берудің қажеті не? Бір күні маған ұлыңыздң суретін беріңізші. Біз Абайдан бір жер тауып, бала ұлыңыз маған араша болды деп айтады деді. Таң қалдым, естен адасқансыңдар ма дедім...»- деді ол.

7 жылға сотталған оқушының көршілері де жасөспірімнің ондай әрекетке баратынына сенбейміз дейді.

Тұла бойы тұңғышым жазықсыз сотталды деген ана әділдікке қолым жетпейінше тыныш таппаймын деп отыр. Тіпті бұл істе ұлым екі ортада әлдекімдердің құрбаны болды деп ашынды ол.

«Сотта 41 адам менің баламның сөзін сөйлеп келіп отыр... Шынымен сондай зорлық істеген болса, жаным ашымас еді. Қолмен істеді ме, мойнымен көтерсін деп бұлай күйінбес едім. Менің балам тектен-текке кетіп отыр қазір. Екі әулеттің құрбаны болып отыр» деп сөзін түйді сотталушының анасы.