Ақтөбе әкімі Оразалинге кімдер жақпай қалды? (ВИДЕО)

08 мамыр, 14:05

​«Шыдамның да шегі бар». Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин дәл осылай десе керек. Ашуға булыққан аймақ басшысы қоластындағы бірқатар қызметкерін жұмыстан босатып, енді бірнешеуіне ескерту жасады. Сонымен, Оразалин мырзаға жақпай қалған шенеуніктер кімдер?


Серік Төленбергенов. Облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Төленбергенов Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Ұзақ жылдар туып-өскен өңірінде еңбек еткен. Сол облыстағы Ұлан ауданын басқарып тұрған тұсында тест тапсырып, "А" корпусына өте алмай қалған шенеуніктердің бірі болды. Көп ұзамай оған басқармалардың бірінің басшылық креслосы бұйырды. Бұл кезде облыста Бердібек Сапарбаев әкім болатын.

Бердібек Машбекұлының қызметі Ақтөбе облысына ауысқанда, Серік Төленбергеновке де Ақтөбеден қызмет бұйыруы кездейсоқ емес секілді. Алдымен құрылыс басқармасына басшы болды. Кейін қызметі өсті. Нақтырақ айтқанда, 2017 жылы өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев басқарма жұмысын сынады да, көп ұзамай Төленбергеновке өзінің орынбасары қызметін ұсынды. Ақтөбенің қазіргі әкімі Оңдасын Оразалинге ұнамай қалған Төленбергенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Сапарбаевтың қоластына келе ме, ол жағын уақытында көре жатармыз...

Аязбай Османғалиев. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметінен босап қалған Османғалиев Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Шудың ортасында жиі қалып танымал болған шенеунік.

2014 жылы Османғалиев Ақтөбе облысындағы Хромтау ауданын басқарып тұрған тұста жерге қатысты мәселе шығып, тұрғындар шу шығарды. Тіпті хромтаулық ер азамат әкімді сотқа беріп, одан небәрі бір теңге талап етті. 2015 жылы әкімнің басы тағы да дауға қалды. Себебі ол декреттік демалысқа шыққан қаржы бөлімінің басшысын қайта шақырып алып, толғағы келгенше жұмысқа жекпек болды. Осыдан соң шенеунік қатаң сөгіс алды. Сәл кейінірек тілшілерге брифинг берген сол кездегі әкім ол әрекеті үшін ұялмайтынын айтып, «Барлық адамға жақпайсың. Жұмыс кезінде бәрі болады. Жұмыс жасамасаң, сенен жақсы адам жоқ» деп жауап берді. Бұл туралы отандық БАҚ жарыса жазды. Одан өзге Османғалиев Хромтау ауданын басқарып тұрған тұста жемқорлыққа жол берген қызметкерін жазаламағаны үшін басы дауға қалды. Тіпті әкімшілік іс қозғалып, ол жүз мың теңге айыппұл төледі. Бірақ бұл шенеуніктің карьерасына кесірін тигізді деуге келмес. Сәл кейінірек қызметімен қоштасқан олоблыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына басшы болып келді.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ибраим Көзбаев та жұмысынан босап қалған әріптестерінің қатарын толықтырмақ. Тек әзірге бастаған жобаларын аяқтауы тиіс. Қала әкімі Ілияс Испанов ол үшін екі аптадан уақыт берілгендігін атап өтті.

Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағыинститутты бітірген Ибраим Көзбаевты шулы оқиғалармен аты шықпаған шенеуніктердің қатарына жатқызуға болады. Бәлкім бұл Бас прокуратура мен Жоғарғы соттың тәрбиесі шығар. Кім білсін?... Айтпақшы, Ибраим Көзбаев 2015 жылы Бас прокуратурада еңбек етіп жүрген тұсында «Құрмет» мемлекеттік орденіне ие болды.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің сынына ұшыраған шенеуніктер мұнымен шектелмеді. Әлеуметтік салаға жетекшілік ететін бірқатар жауаптыларға ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Олардың қатарына Оразалиннің орынбасары Марат Тоғжанов, аталған салаға жауапты басқарма басшысы Қайрат Отаров пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бар. Испанов демекші, жуырда ғана қала басшысы Пасха мерекесінде шіркеуге барып, шам жағамын деп елдің қызу талқысына түскен болатын. Бұдан өзге Испанов жұртшылық арасында жиындарда ұйықтап қала беретін шенеунік деген атқа ие. Отандық БАҚ әкімнің бір емес, бірнеше жиналыста ұйықтап қалғанын жазып, тіпті видео да тарап кеткен болатын. Бірақ Испанов онысын мойындамады. Елдің қызу талқысына түскен ол намысына тиетін пікірлерге еш ренжімейтінін айтты.

Спортқа жаны құмар Ілияс Испанов жергілікті халық арасында танымал шенеунік. Көшеде көріп қалатын тұрғындар дереу суретке түсуге ұмтылады екен. Тілшілерге берген бір сұхбатында әкім Испанов«Баламыз сізге ұқсасын» деп ырымдайтындар жиі кездесетінін айтып мақтанған болатын.