​Павлодар әкімі 50 млн теңгеге пәтер сатып алғаны үшін сөгіс алды

11 желтоқсан, 12:40

Жуырда балалар үйінің тәрбиеленушілері жаңа баспанаға көшіп барады. Павлодардың әкімі 50 миллион теңгеге сатып алған пәтер жетімдер үшін 6 пәтерге айырбасталды.

Павлодар облысында бюджет қаржысын тиімді жарату мәселесі бойынша жиналыс өтіп, онда қала әкімі сөгіс алды. Еске салайық, шенеунік мемлекеттің қаржысына қымбат пәтер сатып алған болатын, деп жазады Elitar.kz тілшісі Павлодар облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Басқа да қазақстандықтар секілді, өңір басшысы Болат Бақауов та пәтер бағасын білгенде ашуға ерік берді. Обылс әкімі пәтерлер облысқа қызмет бабымен ауысып келгендерге ғана қажет болғанын, онда да мұндай қымбат бағада емес және бөлек ғимаратта болуы міндетті емес екенін мәлімдеді. Болат Бақауов бұл мақсатта қолда бар көп пәтерлі тұрғын үй қорын пайдалану керек екенін айтты. Қала әкімі Әнуар Күмпекеевке бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс берілді. Облыс әкімі, бұған қоса, Луначарский көшесі, 24 «Б» үйдегі пәтерді басқа баспаналарға ауыстыру мүмкіндігін қарастырып, кезекте тұрған жетімдерге беруді тапсырды.
Павлодар әкімдігінің өкілдері бұл пәтерлер қалада мемлекеттік қызметкерлерге арнайы баспана соғылмағандықтан сатып алынғанын айтты.
«Ведомствалық тұрғын үй қоры ұзақ уақыттан бері жаңартылмады және толықтырылмады», - деп хабарлады әкімдік өкілдері тілші сауалына.
Биыл әкімдік 2017 жылғы бюджеттік өтінімдер негізінде 7 қызметтік пәтер сатып алды. Ал жаңа таунхаустан құны 50 миллион теңгелік пәтер сатып алынғаны туралы 2018 жылдың 5 желтоқсанында белгілі болды.
«Сатып алынған пәтердің ауданы 122 шаршы метрден 234 шаршы метрге дейін, дегенмен, тұрғын бөлмелер ауданы 100 шаршы метрден аспайды. Пәтерлер нарықтық бағамен сатып алынды. Ұзақ мерзімге пайдалану мақсатында жаңа баспана кешенінен сатып алынды», - дейді әкімдік өкілдері.
Жеке тұрғын үй қорынан сатып алынған пәтерлердің мекенжайлары, сатып алу бағасы мен аудандары мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген. Енді Павлодар әкімдігінің өкілдері пәтер әкімге сатып алынған жоқ деп сендіріп отыр.
«Пәтер әлі бөліп берілген жоқ, өтінімдер түспеді. Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев бұл пәтерде тұрып жатқан жоқ, баспанаға өтінім бізге түспеді», - деп жазады Павлодар-онлайн әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Луначарский көшесі, 24 «Б» үйдегі пәтер жалпы ауданы 248,2 шаршы метр болатын 6 жаңа пәтерге айырбасталды. Олар – 2 екі бөлмелі және 4 бір бөлмелі пәтерлер, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бөлініп беріледі», - деп хабарлады әкімдік өкілдері.