Шымкент әкімі енді xалықты айына бір рет емес, жұма сайын қабылдайды

27 қараша, 13:00

Тұрғындарды қабылдау үшін арнайы кабинет те заман талабына сай жабдықталған. Бұл туралы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Шымкент бұрыннан бері жобалардың даму қаласы болды: баланы онлайн режимінде балабақшаға қою, бірінші сынып оқушысын мектепке жазу, T-hunter, U-Study – бұл Шымкентте алғаш рет қолданылған білім беру саласындағы жобалар, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде енгізілуде.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаны субсидиялау идеясы Шымкентте алғаш рет айтылды.
Енді жаңа жоба – Шымкент қаласының әкімі халықпен айына бір рет емес, 4 рет әр жұма сайын кездесіп отырады. Қабылдауға жазылу үшін әкімдік кеңсесіне келудің қажеті жоқ, тек сайтты ашса болғаны. Барлық жағынан ашықтық қаралған.
«Әкімдік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында мен азаматтарды жеке қабылдауды айына бір рет емес, апта сайын, әр жұма күні сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін өткізу туралы шешім қабылдадым. Азаматтарды қабылдауға жазылу онлайн режимде қала әкімдігінің сайты арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, азаматтардың ыңғайлылығы үшін біз әкімдік ғимаратының бірінші қабатында заманауи кабинет жабдықтадық», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кету керек, үшінші мегаполис әкімінің тұрғындармен кездесетін кабинеті - ашық шыны терезелерден жасалған және де шаһар басшысы апта сайын кемінде 20 тұрғынды қабылдауға дайын.