БАҚ: Павлодар әкімінің қолына кісен салынды

15 қаңтар, 19:56

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Павлодар облысы әкімінің ұсталғаны туралы ақпарат тарауда.

Ондағы ақпаратқа сенсек, облыс әкімі мен оның көмекшісін ҰҚК ұстаған. Әкімдікте өткен жиналыс кезінде шенеуніктің қолына кісен салынған.

Vlast.kz-тің Президент әкімшілігіндегі дереккөзінің хабарлауынша, Бақауов пен оның көмекшісі алдын ала мәліметтер бойынша сыбайлас жемқорлыққа күдікті ретінде ұсталған. Әкімдік ғимараты қазіргі уақытта күш құрылымдарымен қоршалған, сондай-ақ облыс әкімінің үйінде тінту жұмыстары жүргізілуде. Павлодар облысы әкімі орынбасарларының бірі де ұсталған.

Белсенді Бақытжан Көпбаев Facebook парақшасында Павлодар әкімі Бақауовтың ұсталғаны туралы хабарлама жариялады:
"Бақауов қамауға алынды. Растау бар. Әкімдік қоршалған. Оның және көмекшісін жиналыс кезінде алып кеткен. Нағыз масқара деген осы! Тоқаев, "браво"! Сыбайлас жемқорлықпен осылай күресу керек", - деп жазды ол.
Айта кету керек, ҰҚК баспасөз қызметі бұл ақпаратты әзірге растамаған. Бірақ жоққа да шығармады.

Естеріңізге сала кетейік, 26 желтоқсанда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың портреті қайырымдылық аукционында сатылған болатын. Аукцион сәтіндегі видеодан белгілі болғандай, шенеуніктің суреті 28 миллион теңгеге бағаланған. Бұл кезде сыбайлас жемқорлықпен күресушілер орын алған жайттан тексеру жүргізуге байланысты себеп жоқтығын айтты. Ведомство мәліметінше, қайырымдылық кешін көзі көрмейтіндерге арналған оқу-өндірістік кәсіпорнын қолдау мақсатында Павлодар әкімдігі ұйымдастырған.

"Сотқа дейінгі тергеуді жүргізуге негіз жоқ", - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіндегілер.