Алматыда ер кісі мен оның сыбайласы - әйел азаматы қаладағы зейнеткерлерді тонаумен айналысып келген. Олар өздерін ПИК қызметкерлеріміз деп таныстырып, қарт тұрғындардың пәтерлеріне оп-оңай кіріп отырған.
«Қаскөйлер өздерін ПИК қызметкерлеріміз деп таныстырып, алаяқтық жолмен қарттардың пәтерлеріне кірген. Әйел қарттардың назарын аударып тұрған кезде, оның сыбайласы ұрлық жасаған. Күдіктілер зейнеткерлердің жинаған ақшасы мен әшекей бұйымдары ғана қызықтырған. Осыған ұқсас бірінші қылмыс тіркеле салысымен, арнайы тергеу-жедел тобын құрдық. Қаскөйлердің қылмыстық әрекетін зерттеп, ізіне түстік. Бейнебақылау камераларының деректері де жақсы көмек болды», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.