Қарны ашқан ер кісі дүкеннен 4 сусын мен 20 самсаны ақшасын төлемей алып кеткен

03 қазан, 16:27

Шымкентте қарны ашқан ер кісі дүкеннен сауда жасап, бірақ ақшасын төлемей кеткен. Оқиға қаладағы азық-түлік дүкендердің бірінде күндізгі уақытта болған.

Абай ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Дүкен иесінің айтуынша, белгісіз ер кісі әрқайсысының құны 350 теңге тұратын 4 дана энергетикалық «Dizzy» сусынын және біреуінің құны 150 теңгелік 20 дана самса алып, сатушыға телефон қосымшасындағы жалған түбіртекті көрсетіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Жалпы келтірілген шығын - 4400 теңгені құраған.

«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігімен (Ұсақ-түйек жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тәулік ішінде ұсталды. Ол Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы - 25-те. Ұсталған азамат бұрын-соңды сотты болмаған. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде»,-деді Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.

Күдікті өз кінәсін толықтай мойындап, бұл әрекетке қаржыдан қысылып, тіпті тамаққа ақша таппай қалғандықтан амалсыз барғанын айтқан.