Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі Сәдуақас Байғабұлов Елордадағы мектептер мен балабақша қызметкерлерінің туберкулезбен ауыру оқиғалары туралы пікірін білдірді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып ҚазАқпарат хабарлады.
№33 балабақшаның ағылшын тілі пәнінің оқытушысынан туберкулез табылған. Бұған қоса №44 балабақшада да жұмыс істеген әйел 19 қаңтар күні медициналық ұйымға жөтеліп жүргенін айтып шағымданған. Диагностикалық тексеруден соң 25 қаңтар күні ол азаматшаға туберкулез диагнозы қойылды. Бұған қоса №80 мектептегі бастауыш сыныптарының ағылшын тілі пәнінің оқытушысынан да туберкулез табылған. Ол 22 қаңтардан бері Астана қалалық туберкулезге қарсы диспансерде емделуде. Балабақшалар мен мектепте эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынды. Дезинфекция тағайындалып, науқастармен байланыста болған тұлғалар анықталды, балалар медициналық бақылау және тексеруге алынды. Балабақшалар мен мектептердің қызметкерлері кезектен тыс медициналық тексеруге жіберілді. Астаналық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан прокуратура органдары арқылы көрсетілген балабақшалар мен мектептерді кезектен тыс тексеру процедураларын ашу іс-шаралары қолға алынды. Тексеру қорытындысы бойынша санитарлы-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша баға беріліп, осы білім беру ұйымдарының басшыларына қатысты заң аясында шаралар қабылданады.