Интернатураны бітірген қыз –жігіттер жақында тәуелсіз емтихан тапсырып, нәтижесін көргенде таң қалған. 500-ден астам студенттің шамамен 90 пайызы 60 пен 70 аралығында балл жинаған.
«Бір қызығы, елдегі барлық 5 медицина университетінің интерндері осындай балл алыпты. Неге олай деп күмәнданып отырмыз», дейді медицина университінің студенті Ақбаян Төреғалиева. Ол тест жүйесінен ақау шықты ма деген күдігін жасырмады. Студент «тест орталығының мамандары базаны ашып берсе, қай сұрақтардан қате кеткенін көріп, дәлелдер едік» дейді.
«60 балмен біз резидентураға түсе алмаймыз, оған өту үшін 65 балл жинау керек. 65-70 балл алғандар түссе де, грантқа талас кезінде қиын болады», -деді көңілі түсіп, тағы бір студент Гүлжамал Сағидоллова.
«Бұл техникалық қателік пе, әлде тест жүйесінде ақау болды ма – солар анықтап, түпкілікті шешім қабылдайды»,- деді ректор.
«Мәселе - студенттердің өзінде. Олар Қарағанды, Астанадағы студенттермен былтырғы тест жауаптарын алмасқан. Соны жаттап алған. Ал базаның биыл 40 пайызға жаңаратынын ескермеген. Тест нәтижесі де сол 40 шақты жаңа сұрақтың есебінен сол шамада шығып отыр», - деді Гауһар Сүлейменова. «Студенттердің наразылығын ескеріп, емтихан орталығындағылар оларға тестті қайта тапсыруға рұқсат берді, бірақ студенттер бұдан бас тартып отыр», - деді декан орынбасары. Ол сонымен қатар, биылғы тесттің сұрақ-жауаптары студенттерге көрсетілмейді, себебі басқа оқу орындарында емтихан әлі жүріп жатыр, жауап нұсқалары тарап кетуі мүмкін екенін айтты.