Ақтөбелік оқушы мемлекеттік қызметкерлерге жемқорлықтың зияны туралы лекция оқыды

01 мамыр, 19:26

Ақтөбе қаласындағы № 63 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ақтөбе қаласы Алматы ауданының тұрғындары, педагогтары мен мемлекеттік қызметкерлері үшін сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы дәріс оқыды, деп хабарлайды Elitar.kz МҚІСҚА департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Диана Сеитовадан басқа Ақтөбе облысы бойынша МҚІСҚА департаментіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы лекторлық топқа психолог, имам және ардагерлер де кірген.

"Кішкентай өтірік үлкен сенімсіздікті оятады. Біз туыстарымыз бен жақындарымызбен бірге еркін елде өмір сүргіміз келеді. Осылайша сыбайлас жемқорлықпен бүкіл әлем болып күресейік", - деді №63 ОМ 8 сынып оқушысы Диана Сеитова барлық балалардың атынан.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан мемлекеттік қызметшінің жұбайы басқа әйелдерді ерінің адал еңбегімен тапқан табысына риза болуға шақырды, өйткені кейде олардың қыңырлығы өз күйеулерін бұрыс шешімдер қабылдауға итермелеуі мүмкін.

Кездесу барысында жиналғандар имамның парақорлықтың күнәсі туралы айтқан сөздерін, өскелең ұрпаққа адамгершілік тәрбие беру бойынша ақсақалдың өсиетін, психологтың мәселені дұрыс шешу қажеттігі туралы кеңестерін тыңдады.

«Алдағы уақытта халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартумен көбірек қамту үшін лекторлық топтардың санын арттыру жоспарлануда»,-делінген хабарламада.