Атырау облысы Индербор кентінің З. Қабдешев көшесі № 5, 7, 9, 11, 12, 13, 15-үй тұрғындары «ескі үй төбемізге құлай ма»,- деген үреймен күн кешіп жүр. Салынғанына 65 жыл болған баспаналардың іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап кеткен. Шатыры да шұрқ-тесік , қабырғалардың сылақтары түсіп, ырсыйып тұр. Сыртынан қарағанда иесіз үй секілді. Жыл сайын жамап-жасқағанымызбен, жөнделгені білінбейді,- деп күйзеледі мұндағылар. « Менің кішкентай балаларым бар, жолдасым Теңіз қалашығына жұмысқа кеткенде, әр күнімді қорқынышпен өткіземін. Қатты жел болғанда, болмаса ауыр жүк көлігі өтсе, үйлеріміз теңселіп тұрады. Үстімізге құлап қала ма деп зәре жоқ. Кез-келген уақытта құлап, үйінді астында қаламыз ба деп уайымдаймын. Түнде балаларымды киіндіріп жатамын, құжаттарымды қасыма алып. Алда-жалда үй құлай бастаса қашып шығайын деп. Жалғыз мен емес, барлығы осы күйді бастарынан кешіріп жатыр,-дейді Жадыра Сабырова.