Атырау: Бесінші қабаттан құлап кеткен екі жұмысшының қауіпсіздік белдігі болмаған

22 ақпан, 19:14

Қайғылы оқиға кеше күндіз болды. 25 және 36 жастағы екі жігіт СМП – 163 ықшам ауданында терможаңғырту бағдарламасы бойынша көп қабатты үйдің шатырын жөндеп жатқан. Сол күні жаңбыр жауып тұрды. Тайып құлаған болуы мүмкін,- дейді куәгерлер. Ал үйдің терможаңғыртуы тендерден жеңіп алған компания басшылығы тек құрылыс материалдарына ғана жауапты болғанын айтады. Қалғаны ақтөбелік қосалқы мердігер мекеменің міндеті болған. «Сол кезде бригадирлері болмады ма? Оны біздер енді басқа нысандарымыз болғасын, бір жерде тұра алмай, анда мында жүреміз ғой. Договор бойынша біз материалды апаруымыз керек. Қалғанының бәрі мердігер компанияның құжатында негізі. Бірақ кеше көтерілгенде бәрі бар, қауіпсіздік белбеулерін біздер қадағалап жүрдік қой. Кеше біз отбасыларына кіріп шығып, көңіл айтып, қолымыздан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Екінші бала Доссордікі екен. Қазір соған шығып жатыр едік,- дейді компания директоры Қайрат ЖАЙЛАУОВ.

Айта кетейік, былтыр облыста 45 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, 5 жұмысшы көз жұмған еді. Ал биыл жыл басынан бері құрылыста 1 адам мерт болды.