Атырау облысы әкімінің экс-бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев сотта соңғы сөзін айтты

21 сәуір, 11:57

Ол 1 сағатқа жуық уақыт бойы өзінің кінәсіз екенін қайталап, судьядан ақтауды сұрады. Айтуынша, ол құрылысқа бөлінген ақшадан пара алуды көздемеген. Бар болғаны 7 өкпені жасанды желдету аппаратына демеушілік көрсетуді ұсынғанын айтты. Және құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровты сыртымнан маған айтпай, әрекет етті ,-деп кінәлады.

«2020 жылы 10 қыркүйекте Басаровты ұстардан 1 сағат бұрын қызметкерлер мені алып кетті. Не үшін екенін түсіндірген жоқ. Мен ешқандай пара алған жоқпын. Ешбір дәлел болмаса да, мені қамап тастады. Қылмыстық істі бұрмалады. Осы 1жыл 7 айдан бері денсаулығымнан айырылдым. Туған ағам Асқар осы әділетсіздіктерге жүрегі шыдамай, өмірден өтті. Мен Басаровқа «Кәсіпкер Тілемісовпен демеушілік туралы сөйлес,- дедім. Өйткені ол кезде дәрігерлер ӨЖЖ аппаратын сұрап жатты. 1937 жылдағы жағдай қайталанып, мені заңсыз жауып тастап отыр. Қазіргі облыс әкімінің орынбасарларына қол қоймаңыздар,- дегім келеді. Өйткені осылай жала жаба салады. Құрметті судья! Мені толықтай ақтауыңызды, ал осыған кінәлілерді, істі бұрмалаушыларды жазалауыңызды сұраймын»,- деді Нұрлан Таубаев.

Тимур Басаров соңғы сөзін екі-ақ сөйлеммен қайырды. Ол барлық әрекетті Таубаевтың тапсырмасымен ғана жасадым,- деп өкініш білдіріп, судьядан әділетті шешім шығаруды сұрады.

Айта кетейік, экс-шенеуніктердің ісін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Оларды 2020 жылдың қыркүйегінде аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұстаған еді. Қылмыстық іс сотта былтыр наурыздан бері қаралуда. Прокурор Нұрлан Таубаевты 11 жыл, Тимур Басаровты 8,5 жыл бас бостандығынан айыруды ұсынған болатын.

Соңғы сөзден соң судья кеңесу бөлмесіне кетті.

Галерея

1100
1101
1102
1103
1104