Олардың арасында көп балалы және ерекше балаларды өсіріп отырған, балаларына алиментке қол жеткізе алмай жүрген жалғызбасты аналар бар. 50 тарта келіншектің шағымы көп: бірі үй кезегінің жылжымайтынына өкпелі болса, бірі балабақшаға қол жеткізе алмай жүр. Ал жалғызбасты әйелдер тиісті алимент төленбейтініне наразы. Өздері де, күйеулері де жұмысқа орналаса алмай, әбден күйзеліске түскендері бар. Барлығының талабы бір – әбден қажыған жандарға жан-жақты қолдау.
«Үй бермейтін болса, кезекке неге қояды? Оны орындамайтын болса, алып тастау керек. Үй береміз, кезекке қоямыз деген соң үміттенеміз, жылдар бойы күтеміз. Бірақ жылжитын түрі жоқ. Әркімнің есік алдындағы жалдамалы пәтерін паналап шаршадық,- дейді көп балалы ана Шынаргүл Достанова.
«Мамыр айынан бастап халықтың бірнеше категориясына жалдап отырған құнын субсидиялау бағдарламасы басталғалы жатыр. Ол бағдарлама жүзеге асырылады. Дайындығымыз бар. Одан бөлек жергілікті бюджеттің есебінен 240 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Жыл аяғында аяқталып жатса оны да кезектегілерге береміз»,- деді қала әкімі Мейірім Қалауи.