06 ақпан, 11:20
Атыраулық әке мектеп жасындағы төрт бірдей баланы бір жыл бойы мектепке жібермеген. Яғни, 2005, 2007, 2008 және 2009 жылы туған балалар 2017-2018 жылы мектепке бармаған. Олардың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп xабарлайды Elitar.kz.
Атырау облыстық жасы кәмелетке толмағандар жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотта 4 баланың әкесіне қатысты әкімшілік іс қаралды.
Әкенің айтуынша, оның балаларына мектеп формасын кимегендері үшін мектепке келуге тыйым салған.
«Сот отырысы барысында 35 жастағы азамат өзінің кінәсін мойындамай, мұғалімдердің оның балаларына мектеп формасын сақтамағандары үшін сабаққа келуге тыйым салғанын айтты. Осыған байланысты балалар қашықтықтан оқыған», - деп мәлімдеді Атырау облыстық жасы кәмелетке толмағандар жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соттың баспасөз қызметі.
Соттың үкімімен ол төрт баланың әкесі ҚР ӘҚБжК 127-бабының 1-тармағы бойынша (жасы кәмелетке толмаған балаларды оқыту бойынша ата-аналық міндетті орындамау) кінәлі деп табылып, 11 785 теңге айыппұл кесілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.