Ауыл шаруашылығы министрі түркістандық жас диқанға галстугін сыйлады

22 сәуір, 17:13

Түркістан облысында ұйымдастырылған республикалық семинар-кеңесте «Егістен сөреге дейін» жобасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту жолдары талқыланды. Сонымен бірге Түркістан өңірінің диқандары мен кәсіпкерлері республиканың түкпін-түкпірінен келген әріптестеріне егістікті әртараптандыру, мол өнім алу тәсілдері, тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологиялары, топырақты өңдеу, жерді тыңайту жөнінде білгендерін үйретіп, кеңестерін берген болатын, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Семинар-кеңеске қатысушыларды әсіресе, Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан үйіргелік шаруашылықты дамыту жобасы қызықтырған. Осы жұмыс қалай жүзеге асырылғанын көру үшін семинарға қатысушылар Сайрам ауданындағы 2 шаруаның үйінде болып, шаруашылығымен танысқан. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен өңірлерден келген кәсіпкерлер, әкім орынбасарлары да арнайы барды.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл бастама арқылы жұмыссыздар саны азаятынын, отандық азық-түліктің көлемі артатынын және елдің әлеуеті көтерілетінін жеткізді. Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков аудан көлемінде ауыл шаруашылығын негізгі кәсіпке айналдырған отбасылар көп екенін айтты.

Түркістан облысының диқандары мен кәсіпкерлерінің еңбегіне тәнті болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жас диқанға өзінің галстугін тарту етті.