Қазір ауыл екі айға карантинге жабылып, тұрғындарға малын сатуға тыйым салынды. Еске салайық, 7-мамырда БҚО, Шыңғырлау ауданындағы Шоқтыбай ауылына қасқыр кіріп кетіп, адамдарға тарпа бас салған еді. Түз тағысының шабуылынан төрт адам зардап шекті, олардың біреуі төрт жасар сәби. Ашынған ауылдықтар кейін қасқырды қуалап жүріп өлтірген. Кейін ветеринарлар жыртқыштың басын кесіп алып, сараптамаға жіберіліпті. Жортуылға түнде ғана шығатын жыртқыштың ауылға шабуынан үрейленген тұрғындар қасқыр талаған иттерді де өлтіруге мәжбүр болған. Енді мамандар қасқырдың шынымен де құтыру ауруына шалдыққанын анықтады.
– Қазір тиісті құжаттарды рәсімдеп қойдық. Ауыл әкімі шешім қабылдаған соң, ауыл карантинге жабылады. Сонымен қатар, Оралдан арнайы мамандар келіп, дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, ауылдағы барлық жануар егіледі. Ауыл карантинге жабылғандықтан, мал да сатуға шығарылмайды. Ауылдағы 11 мың шаршы метрден астам аумаққа дәрі шашылады. Ауылдағы төрт түлік мал мен ит-мысықтың бәрі егіледі, - дейді Досқанат Сагынбай.