Батыс Қазақстан облысы: электр желісі үзіліп, ірі қара токқа түсіп өлді

17 мамыр, 17:32

Оқыс оқиға Жаңақала ауданында болған. Өрістен қайтқан мал үйдің қасындағы үзілген электр сымды басып кетіпті. Осылайша ток соғып, бес сиыр өлген. Мал иесі электр бағанасы құлағанын мамандарға бұған дейін ескертіп айтқан екен. Бірақ аудандық электр торабының басшылығы қамсыз жүрді, - дейді күйінген тұрғын. Жауапты мекемеден күдер үзген тұрғын құлаған бағананың орнына орнатылар материалды да дайындап қойған екен. Енді өлген малға өтемақының төленер-төленбесі белгісіз. Ауыл белсендісі Айболат Бөкеновтың айтуынша, аудандағы электр желісінің тозығы жеткен. Сондықтан желіні түгел ауыстыру керек:

- Бұл мәселе бізде баяғыдан бар. Бірақ ешкім асығар емес. Қазір мал өліп жатыр. Ертең қараусыз қалса, баланың токқа түсіп өлуі мүмкін. Ал біздікілер адам өлмей қозғалмайды. Құдай бетін әрі қылсын! Бірақ қарапайым отбасыға осындай зиян келтірген аудандық электр торабы жауап беріп, шығынды өтеуі тиіс, - дейді Жаңақала ауданының тұрғыны Айболат Бөкенов. Ал Жаңақала аудандық электр торабының басшысы Бауыржан Биғалиев сөзін қысқа қайырды. Оның айтуынша, тұрғындар малын қараусыз қалдырады екен:
- Сол күндері қатты жел болды. Оны мойындаймыз. 5 бас ірі қара өлді. Бірақ адамдар малын бағуы керек. Малын бақса, ештеме де болмайды. Мал суға батып арам қатпайды, токқа да өлмейді. Мал ұстадың ба, бағуың керек, - дейді Жаңақала аудандық электр торабының басшысы Бауыржан Биғалиев