БҚО: Еріген қар суы жолды шайып, Бөкей ордасы ауданымен байланыс үзілді.

26 ақпан, 18:04

Орал қаласы мен Бөкей ордасы ауданын жалғайтын жалғыз трасса ми батпаққа айналды. Жайылған су жолды екі жерінен жырып өткен. Жергілікті әкімдік пен коммуналдық мекеме жол жиегіне құм салынған қапшықтарды қойып, су ағынын тоқтатпақ болыпты. Бірақ тракторлары батып, оларға жолаушылар да көмектескен.


Осыдан кейін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жолдың екінші бөлігін қалпына келтіру жұмысы әлі жалғасып жатыр.


Бөкей ордасы ауданы БҚО орталығы Орал қаласынан 500 шақырым жерде орналасқан. Бұл жолдың бойында 63 мың тұрғыны бар үш аудан орналасқан. Бірақ облыс орталығы мен осы елді мекендерді жалғайтын жолдың құрылысы әлі аяқталар емес. Кезінде Н. Назарбаевтың өзі осы жолдың бір бөлігі 250 шақырымына асфальт төсеуді тапсырғанымен, құрылыс мандымады. Былтыр 57 млрд теңге бөлінсе де, жол салу ісі тоқтап қалды. Ал қысы-жазы жол азабын тартып жүрген ауылдықтар 250 шақырым жерді 24-26 сағат жүретінін айтып мұңын шағып отыр.