​Шымкенттік салықшылар бір аптада борышкерлерден 8 млн теңгеден астам қаржы өндірді

22 қараша, 12:30

Салықты дер кезінде төлеп жүріңіз, әйтпесе автокөліксіз қалуыңыз мүмкін. Осылай деп ескерткен Шымкент қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарынан салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша қарыздарды жинау жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Салықшылармен бірге прокуратура, полиция қызметкерлері және сот орындаушылары да бірге жүріп, Шымкенттің көшелерінде рейд ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметтер базасына тіркелген борышкерлердің автокөліктерін тоқтатуда.

Көлік иелеріне қарыздарын сол жерде төлеу ұсынылды, кейбіреулерінің қарызы ондаған мың теңгеге жеткен. Ал борышын төлей алмағандар жаяу қалып, көліктері ақылы айып тұрақтарына жөнелтілді.
Осылайша бір аптаның ішінде мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері бюджетке 8 млн теңге жинады. Ал аса ірі көлемде қарызы бар 4 азаматтың көлігі ақылы тұраққа қойылды.