02 қараша, 19:25
Шымкенттегі газ саласының мамандарында Қазақстан ғана емес, ТМД елдерінде баламасы жоқ бірегей құрылғы бар, деп xабарлайды Elitar.kz.
Ресей мен Швейцарияның 16 ғалымы жасаған машинаны қазір Шымкенттің көшелерінен күн сайын көруге болады. Оның басты қызметі - газ шығып жатқан жерді анықтау.
"ҚазТрансГаз Өнімдері" компаниясының инженер-операторы Жомарт Омаровтың айтуынша, құрылғы ауадағы метанның иісін "сезеді". Содан кейін анализ жасап, газдың қай тұстан шығып жатқанын анықтауға кіріседі. Бұдан кейін іске лазер кіріседі. Әр терезені сүзіп шыққан құрылғы газ шығып жатқан жерді анықтайды.
Ең бастысы, лазер газ шығып жатқан жердің географиялық орнын тура анықтайды. Ары қарай ол жерді GPS арқылы газ мамандарының бригадасына жіберуге болады.
Шымкенттік мамандарда әзірге бір ғана машина бар, дегенмен, конструкторлар ұжымы екінші құрылғыны құрастырып жатыр.