Қазақстанда биыл 5 миллиардтан астам жұмыртқа өндірілген

20 желтоқсан, 16:00

Қазақстанда жұмыртқа өндіру үлесі бірден 11%-ға ұлғайып, жалпы саны 5,1 млрд данаға жетті. Қарапайым есеп нәтижесінде сәбилерді қоса алғанда еліміздің әр тұрғынына жылына орта есеппен 280 жұмыртқадан тиетінін анықтауға болады, деп жазады Elitar.kz тілшісі.

Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы үй құстарының саны 9%-ға көбейіп, 45,3 миллионға жетті.

«Қазақстанның құс өсірушілерінің одағы» заңды және жеке тұлғалар бірлестігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде жалпы қуаттылығы жылына 167,5 мың тонна болатын ет бағытындағы 18 құс фабрикасы, жалпы қуаттылығы жылына 3 млрд 26 млн дана болатын 33 жұмыртқа-құс фабрикасы, инкубациялық жұмыртқа шығаратын бройлер бағытындағы 2 тұқымдық құс фабрикасы (12,3 млн дана және ет бағытындағы тәулігіне 4 169 мың бас балапан шығарады), үйректің инкубациялық жұмыртқасын шығаратын 1 тұқымдық құс фабрикасы (2,3 млн дана) және жұмыртқа бағытындағы 5 тұқымдық құс фабрикасы (98,8 млн дана және тәулігіне 7 297,6 мың бас балапан) бар.
2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары елдегі барлық құс етінің 80% өндірген, бұл - 140 мың тонна деген сөз.
Бұған қоса 2018 жылы елде ет өндіру – 4%, сүт өндіру 3%-ға артқан. Мысалы, жыл бойында жылқы малы – 7,3%-ға (2,5 млн бас), түйе – 6,5%-ға (203 мың бас), ірі қара саны 4,5%-ға (7 млн бас) көбейген.
2018 жылы мал шаруашылығының жалпы өнімі 13%-ға көбейіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы (309,1 млрд теңге), Шығыс Қазақстан (254 млрд теңге) және Түркістан облыстарында (228,7 млрд теңге).