Оқу-ағарту министрлігіндегілер ата-аналар тарапынан жекеменшік балабақшаларға қатысты шағымдар әлі де түсіп жатқанын мәлімдеді. Олар тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауы, денсаулығына зиян келтіруі, балаларға жасалған сапасыз жағдай мен кейбір жекеменшік балабақшалардың жосықсыз жұмысына қатысты арыздар. Атап айтқанда, Қостанайда тәрбиеші 3 жасар бүлдіршінді қатты тартып, салдарынан оның сүйегі сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан босатылып, балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
«Ата-аналардан Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым түсті. Балалар ата-аналарына тәрбиешінің ұрғанын айтып шағымданған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, оларды бірнеше ай бойы ұрып-соғып келген. Балалар тәрбиешісінен қорыққандықтан осы уақытқа дейін ата-аналарына ештеңе айтпай келген. Оның балаларды қатаң жазамен қорқытқаны белгілі болды. Балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды» делінген ведомства мәліметінде.
«Құқық бұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз», - деді Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.