​Полицейді балағаттағандарға қандай жаза кесіледі?

10 желтоқсан, 12:55

ҚР ІІМ полиция қызметкерін балағаттаған Шымкент тұрғынының үстінен сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Elitar.kz ҚР ІІМ-нің баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда «Инспекторды балағатта» деген жаңа челлендж басталған секілді. Құр балағаттап қоймай, камераға түсіріп, интернетке жүктеу де бар.

Таяуда Шымкент қаласының тұрғыны Қырғы базар маңында патрульдікте жүрген полиция қызметкерін балағаттап, бейәдем сөзбек сөкті. Оның тәртіп сақшысына қандай кінә артқаны белгісіз. Кадрда боқтық сөз бен балағаттан басқа ештеңе естілмейді. Полиция қызметкері де қарап тұрмай, балағатпен жауап беруде. Ал ертеңіне видео авторына біреу полицейді балағаттау әрекеті үшін жазалануы мүмкін екенін ескерткен болуы мүмкін. Полицейді боқтаған азамат кешімір сұрап, видео жазыпты. Осылайша жауапкершілікті жеңілдетпек болса керек.
«Сынықтан басқаның барлығы жұғады» деген. Осыдан кейін Instagram желісінде Қызылордадан видео пайда болды. Онда да полиция қызметкеріне балағат айтылуда. Енді бұдан соң да кешірім сұраған видео пайда болуы әбден мүмкін.
Қалай болғанда да полицейлерді балағаттағандар заң бойынша жауапқа тартылады.
Нақты айтқанда полицейді балағаттаған Шымкент қаласы тұрғынының үстінен ҚР ҚК 378-бабының 2-тармағында көрсетілген жауапкершілік бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл – полиция қызметкерін балағаттап, камераға түсірген азамат 240 сағат қоғамдық жұмысқа жегілуі немесе 70 күн қамауға алынуы мүмкін. Бұл жаза Қызылорда тұрғынына да қатысты.
ІІМ өкілдері өзін боқтаған азаматқа балағат сөзбен жауап берген полиция қызметкерінің әрекеті де тексерілетінін мәлімдеді.