"Адамды кепілге алған": Шымкенттік тұрғын полицейлерді аяқтан тік тұрғызды (ВИДЕО)

10 қаңтар, 11:15

Шын мәнінде бұл түні не болды?

Шымкенттегі Нұрсәт шағынауданында орналасқан көпқабатты үйлердегі пәтерлердің бірінде адамдар кепілге алынған. Дәл осындай ақпарат жаңа жылдың алғашқы күндерінде шымкенттіктерді әбігерге салды. Тіпті әлеуметтік желілер арқылы видео да тарап кеткен болатын. Белгілі болғаны, 2019 жылдың 2-қаңтарында Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция басқармасының кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғыннан кешкі сағат 19.35-те Нұрсәт шағынауданындағы үйлердің бірінде тұрғындарды кепілдікке алынғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына лезде жеткен тәртіп сақшылары жұртты әбігерге салған ақпараттың жалған екендігін анықтаған. Халық көп шоғырланған шағынаудан тұрғындарын дүрліктіріп, тәртіп сақшыларына жалған хабарлама айтып телефон шалғанды да полицейлер жедел іздестіру шаралары барысында қолға түсірген. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шыққан.


"Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осыған орай Шымкент қаласы Полиция департаменті барлық қала тұрғындарын осыған ұқсас қылмысты жасауда жауапкершілікке тартылатынын ескертеді және бұндай әрекеттерді жасамауды сұрайды"-деп мәлімдеді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.