Дәурен Абаев еріктілермен бірге Тобыл өзенінің аумағын тазалады

22 мамыр, 12:48

​Бір апта ішінде эко-челлендж кезінде 200 тонна қоқыс шығарылды. Акцияға Ресей мен Қазақстандағы оқушылар, студенттер мен еріктілер қатысты. Челлендж мәресі Қостанай өңірі болды. Онда еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев екі елдің еріктілерімен бірге Тобыл өзенінің жағалауын жинды, деп хабарлайды alau.kz.​

Эко-челленджге қатысушылар экологиялық акциялар арадағы байланысты жақындастыруға көмектеседі және жалпы іске қызмет етеді деп санайды. Акция өткен апта ішінде қазақстандық жастар Тобыл өзенінің ел аумағындағы бөлігін, ал ресейлік жастар сол елдегі бөлігін тазалады. Акцияның соңғы күнінде шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қосылды. "Маған жеткен мәлімет бойынша Қазақстанда бүгінгі таңда 48 өзен бар болса, оның тек екеуі санитарлық нормативтерге сәйкес келеді. Енді олардың қатары үшеуге толықты деп үміттенемін. Біз Тобылды тазалаймыз. Таза су - таза өмір", – деді Дәурен Абаев.

Министрдің қысқа сөйлеген сөзінен кейін шенеуніктер мен еріктілер жағалауды жинауға кірісті. Айтпақшы, бұл жолы қатысушылар тек жинаумен шектелмеді, ән айтты, би биледі. Оларға тіпті жаңбырлы ауа райы кедергі келтірмеді.