​Базарқұл Мұрзақұлов: «Тек бір баланың ата-анасы арыз жазды»

24 қаңтар, 12:00

Оқушылары төбелесіп, видеоға түскен 3 мектеп басшыларының айтуынша, бұл жағдай олар үшін төбеден жай түскендей әсер кетіпті. Директорлар қазір мұндай жағдайдың қалай болғанын түсінбей отыр. Айта кетейік, әзірге құқық қорғау органдарына төменгі сынып оқушыларының бірінің ғана ата-анасы шағымданған.

Дәулет Құдайбергенов, Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектептің директоры: «Мен директор болып 4 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Сол видеоны әлеуметтік желіден көрдік. Біздің мектепте мұндай жағдай бұған дейін ешқашан болмаған. Қазір қатты қайғырып отырмыз. Біз үшін күтпеген жағдай. Видеода біздің мектептің екі оқушысы жүр. Олар соңында көрініп қалады. Олардың отбасы толық. Қазір жағдайдың себеп-салдарын құқық қорғаушылар тексеруде. Мен оқушылармен де, олардың ата-аналарымен де сөйлестім. Балалардың айтуынша, олардың араларында бұған дейін де келіспеушіліктер болған. Бекзат Саттарханов шағынауданында 3 мектеп бар. Олардың оқушылары бір-бірімен дос. Бұған дейін мұндай нәрсе болмаған. Бұл оқиға біз үшін төбеден түскендей, күтпеген жағдай болды!».

Шынар Тілеубергенова, Абай атындағы №31 мектептің директоры: «Видеода біздің мектептің де оқушысы жүр. Ол белсенді, сабақтан ешқашан қалған емес. Өзі жақында ашылған «Адал ұрпақ» клубының мүшесі және «Адал жол» клубына қатысқан. Мен одан мұндайды тіпті күтпедім. Бізде осындай жағдай болады деп ойламаппын да. Бұл оқушы қиын жеткіншектер қатарына мүлде жатпайды».
Базарқұл Мұрзақұлов, Талғат Бигелдинов атындағы №16 мектептің директоры: «Жәбірленген оқушылардың жағдайы бірқалыпты. Олар сабақтарына келіп жүр. 23 қаңтар күні екеуін медициналық тексеруге алып кетті. Балалар психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер көмектесуде. Әлеуметтік желіде тараған видеодан біз оқушылардың бірінің ерні жыртылып кеткенін көрдік. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарына бір баланың ата-анасы шағымданып отыр. Басқалары әзірге арызданбады. Бұл оқиға сабақтан кейін болған. Басқа мектептердің 9 сынып оқушылары біздің оқушыларды алып кеткен. 9 сыныптың үш оқушысы – бізідң мектептің балалары. Олар футболмен шұғылданады. Барлығы әлеуметтік жағдайы тәуір отбасынан шыққан. Оқиға жұма күні болған, ал видеоны біз тек 23 қаңтар күні көрдік».
Әзірге расталмаған мәлімет бойынша, оқушылары осы оқиғаға қатысты мектептердің директорлары қызметтерімен қош айтысуы мүмкін.