​Түркістан облысындағы медициналық мекемелерде ашық есік күндері өтуде

01 наурыз, 12:02

Бәйдібек ауданының жүзге жуық жас аналары аудандық ауруханада толық медициналық тексеруден өтті.

Түркістан облысындағы барлық аудандық емханаларда көпбалалы аналарға арналған «Ашық есік күндері» өтуде. Көктемгі мерекелер қарасаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Түркістан облыстық әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен аудандардағы барлық емханаларда «Ашық есік күндері» ұйымдастырылған.
Дәрігерлер көпбалалы аналарды медициналық тексеруден өтуге, анализ тапсыруға шақырады, сондай-ақ, дерттің алдын алу үшін скринингтен өту керек екенін ескертеді.
Бәйдібек ауданының жүзге жуық көпбалалы аналары бірнеше сағат ішінде тегін медициналық көмек алды. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер екі әйелде сүт безінің қатерлі ісігі болуы мүмкін деп анықтады. Олар толық тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда облыстық клиникалық ауруханада емделеді.
Ашық есік күндері Сарыағаш, Арыс, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас, Төлеби аудандары мен Ленгір, Түркістан қалаларындағы орталық ауруханалардың емханалық бөлімдерінде де өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы барлық аудандық ауруханаларда дәрігерлер көпбалалы аналарды кезексіз қабылдап, дәрімен толық қамтамасыз етуде. Әр аудандық ауруханада көп балалы аналар үшін арнайы палаталар ашылған. Ашық есік күндері наурыз айының соңына дейін жалғасады.