​102 миллиондық жол 2 айға да шыдамады

28 қараша, 10:00

Түркістан облысында қазан айында салынған жолды жаңбыр шайып кетті. Енді бұл жол жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған кедергіге толы, деп хабарлайды 31 арнасына сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Қарасу ауылы маңындағы жолдың асфальтынан қазір майда тас қана қалды. Көлік иелерінің айтуынша, мұндай жолдың машинаға зиян көп – тас тиген терезесі шытынап, солқылдаудан ішкі панелі бүлінеді. Ал жергілікті тұрғындар жолдың шетімен жүруден тіпті қорқады – дөңгелектен ыршыған тас жарақат салуы мүмкін. Журналистер 8 шақырым жолға бюджеттен 102 млн теңге бөлінгенін анықтады, яғни, әр шақырымға 12 млн 750 мың теңгеден келіп тұр.

Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, бұл жағдайға жұмыстың тиісті маусымды істелмеуі себеп. Аудандық жолаушылар көлігі бөлімінің мамандары бар кінәні мердігерге аударды. Жұмысты созып жіберген солар дейді. Сол үшін мердігерге 1,2 млн теңге айыппұл салынды дейді бөлім мамандары.

Мердігер мекеме өкілдері жұмысты жазда бастау керек екенімен келіседі. Дегенмен, тапсырыс беруші тендерді кеш жариялады дейді. Ал енді асфальтты қайтадан төсеуге тура келеді. Тек ауа райы қолайлы кезде.