ҚМДБ айыпты болған имамға қатысты пікір білдірді

27 мамыр, 18:58

Алматы облысында имаммен болған жанжалға қатысты ҚМДБ түсініктеме берді. Имам ауыл тұрғынын өз-өзін өлтіруге дейін жеткізген деп айыпталуда. Бұл туралы Elitar.kz хабарлайды.

"Қадір Әнбияға қатысты жайсыз жаңалықты қатты күйзеліспен қабылдадық... Несін жасырайық, сары уайымға салды... Өте өкінішті... Бұл оқиға оразаның рухын бұзғандай болды.

Бізде бар мәліметтер бойынша, Әнбия Қадір Қытайдан көшіп келген азамат. 2016 жылдың 16 қыркүйегінде Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қайнарлы ауылы тұрғындарының өтініші бойынша осы елдімекендегі мешітке молда қызметіне тағайындалған.

2019 жылдың 30 сәуірінде өз өтініші бойынша жұмыстан босатылған. Қазір мешіттің жұмысы өзге адамға жүктелді.

Орын алған оқиғаның анық-қанығы құзырлы құқық қорғау органдары арқылы тексерілуде. Бәрі анықталады. Алдын ала болжамды ақпарат беруге асықпайық. Сөзсіз, кінәлі адам жазасын алады.

Марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқасын... Жанға батқан, көңілді күпті еткен оқиға...

Ауылдың әр түкпіріндегі мешіт молдасы өсіріп, тәрбиелеп жатқан өз балаң іспетті... Жетістігіне қуанып, шалыс басқан қадамына қайғырасың...", - деп жазды Facebook-те ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.

23 мамырда "Бірінші арна - Еуразия " Алматы облысы Қайнарлы ауылынан сюжет жариялады. Сюжетте 33 жастағы ауыл тұрғыны, үш баланың анасы өз-өзіне қол жұмсағаны айтылады.

Марқұмның күйеуі оның өліміне Қадыр Әнабия кінәлі деп санайды. Оның сөзіне қарағанда, діни қызметші оның әйелін жыныстық жақындыққа мәжбүр еткен. Осыдан кейін әйел өзіне-өзі қол жұмсаған.

Бірақ Әнабия өз атына тағылған айыпты жоққа шығарады. Оның айтуынша, марқұм әйел оны сүйген. Әнабияның өзі отбасылы.

"Өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Егер бұрынғы имамның кінәсі дәлелденсе, ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.