19 ақпан, 10:40
Кешегі тәулікте Шығыс Қазақстан облысының аудандарында 2 көліктен өрт шықты, деп жазады Elitar.kz ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы оқиға Ұлан ауданында тіркелді. Өскемен-Семей тасжолының 33-шақырымында қозғалыс кезінде 2011 жылы шығарылған «МАН» автобусы жанды. Мотордан шыққан өрт кабина салонының қаптамасы мен алдыңғы дөңгелекті шарпыған. Өрт сөндірушілер 3 шаршы метр жерді алған қызыл жалынды 10 минутта сөндірді.
Екінші оқиға 19 ақпан күні Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында болған. МТЗ-80 тракторы уақытша тоқтаған сәтте өрт шығады. Қозғалтқыш пен кабинаның өртке төзімсіз бөлшектері жанған. Дер кезінде келген құтқарушылар өртті 15 минутта сөндірді.
Екі жағдайда да өрттің шығуына жылдамдығы жоғары агрегатты абайсызда пайдалану себеп болуы мүмкін деген болжам қарастырылуда. Жалпы, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 22 көліктен өрт шығу оқиғасы тіркелген.
Өрт сөндірушілер егер сіздің автокөлігіңізден өрт шықса, мына әрекеттерді жасаңыз деп кеңес береді:
1 – көлікті жолдың шетіне тоқтатып, сөндіру.
2 – тез арада аккумулятордағы клемниктерді ажыратып, көлікті тоқсыздандыру.
3 – өрт сөндірушілерге хабар беру.
4 – өрт сөндірушілер келгенше отты өз бетінше сөндіруге әрекет жасау. Егер өрт сөндіру құралы жоқ болса немесе таусылса, топырақ немесе құмды пайдалануға болады.
5 – егер өртті сөндіре алмасаңыз, жанып жатқан көліктен алыс тұрып, өрт сөндірушілерді күтіңіз.
Автор:
Elitar.kz