12 қараша, 19:30
Өскемен қаласының бұрынғы әкімі өзіне келген моральдық шығынды 6 миллион теңгеге бағалап отыр
Шығыс Қазақстан облысы орталығының бұрынғы әкімі өзінің намысы мен абыройын, іскерлік беделін қорғау үшін сотқа арызданған.
Осыдан 7 айдай уақыт бұрын Қуат Тұмабаев жол-көлік оқиғасының куәгері атанды. Экс-шенеунік Риддер қаласы әкімінің орынбасары адам қаққан көліктің ішінде отырған. Көлік қаққан 19 жастағы жігіт ауыр соққының салдарынан оқиға орнында жедел жәрдем дәрігерлері келмей тұрып мерт болады. Полицейлер көлікті басқарған шенеунік мас халде болған деп хабарлаған еді.
Айта кетейік, сол көлікте Өскемен қаласының әкімі де отырғаны кейінірек белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік желілерде «оқиға болған жерден кетіп қалған белгісіз жолаушы» туралы пікірлер пайда болған соң осындай ақпарат тарады.
Қуат Тұмабаев сотта жолда арнайы жарық белгілері қосылып кетіп бара жатқан көлікті көріп, жедел жәрдем көлігі деп ойлағанын айтады. Яғни, дәрігерлерді қуып жету үшін рөлге отырдым деген болатын. Бірақ, жол апаты болған жерге келген полицейлер журналистерге қала әкімі мас халде болғанын және өзін дөрекі ұстағанын айтқан еді.
Риддер қалалық сотының өкілдері хабарлағандай, Қуат Тұмабаев телеарнаға сұхбат берушілердің айтқандары негізсіз, жалған және өзінің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіреді дегенінен қайтар емес.
– Бұл қылмыстық істе куәгер ретінде болған шағымданушы жауап берушілердің мәліметтерін жалған деп тауып, оларды өз айтқандарын теріске шығаруға міндеттеуді және моральдық шығын ретінде әр жауап берушіден 3 млн теңге көлемінде және сот шығындарын өндіріп беруді сұрайды, - дейді ведомство өкілдері.
Қуат Тұмабаевтың талаптарын сот ішінара қанағаттандырды. Өзі талап еткен көлемдегі ақшаның орнына қаланың бұрынғы әкіміне 100 мың теңге көлемінде өтемақы тағайындалды.