Шардара ауданы Сүткент ауылдық округінің әкімі Айдос Олжас өзінің жеке қабылдауына келе алмай жүрген көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі Қалдыгүл Тайлақованың үйіне өзі іздеп келді. Бұл туралы фейсбук әлеуметтік желісіндегі Шардара аудандық әкімдігінің ресми парақшасында жазылды.
Әкім қабылдауына талай уақыттан бері жете алмай жүрген жанның жағдайын біліп, мұқтаждарын сұрады. Әкімнің бұл ісі көпшілікті сүйсінтті.
Әлеуметтік желілерде «Әкіммін деп шіреніп тұрған жоқ», «Қарапайымдылығымен тектілігін таныта білді», «Сүткент əкімге енді жарыды», «Күнді шуақты еткен ақпарат» деген пікірлер қалдырылды.
Түркістан облысындағы ең жас әкім Айдос Олжастың бұл қызметке тағайындалғанын мамыр айында енді бір жыл болмақ. Бұл өзге де кабинеттен шықпайтын әкімдерге үлгі болады деп үміттенеміз.