Ресей азаматшасы қазақстандық 81 жастағы зейнеткердің 400 мың теңгесін алып кеткен

28 ақпан, 11:14

Солтүстік Қазақстанда ұсталған әйел азаматы елден қуылды.

Анықталғаны, 81 жастағы зейнеткердің үйіне келген белгісіз әйел азаматы өзін балгермін деп таныстырған. Сенімге кіріп, алдау арқылы әжейдің жиған-терген 400 мың теңгесін қалтасына басып, ізін суытқан. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-інің 190-бабымен (Алаяқтық) іс қозғалды.

«Жедел ісздестіру кезінде полицейлер күдіктінің жүрген жолын анықтады. Ол аудан аумағынан кетіп үлгерген. Облыс бойынша алаяқтың белгілері таратылып, полицейлерге ескертілді. Нәтижесінде күдіктіге ұқсас әйел Мамлют ауданында ұсталды. 1983 жылы туған ресейлік өз кінәсін мойындап, зейнеткерден кешірім сұрады. Ақшасын толық қайтарып берді», - деді Айыртау аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Григорий Лукьяненко.

Тергеу барысында Ресей азаматының өз қызметін ұсынып, бірқатар тұрғынды сан соқтырғаны анықталды. Көші-қон қызметі оның бұл әрекетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтың 449-бабы «Қоғамдық орындарда тиісу» деп бағалады. Осы баптың үшінші бөлігі бойынша шетелдік не азаматтығы жоқ адамға 5 АЕК мөлшерінде айыппұлдан бастап 5 жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағынан шеттету жазасы кесіледі. Бүгін соттың үкімімен Ресей азаматшасы ел аумағынан шығарылды.

Айта кету керек, жыл басынан бері СҚО-да алаяқтыққа қатысты 178 қылмыс тіркеліп, оның 110-ы ашылды.