Интернет алаяқтарына алданып қалған қазақстандықтар 7 млрд теңгесінен айырылып қалды. Жыл басынан бері полицейлер 12 мыңға жуық интернет алаяқтық фактісін тіркеген. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына SMS хабарламалар жіберіп жатыр. Бұл туралы ведомства өкілі Шұғыла Тұрлыбек брифинг кезінде айтты.
«Жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Қылмыскерлердің кесірінен 7 млрд теңге шығын келтірілді. 571 интернет-алаяқ ұсталып, 17 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды», - деді ол.
«Мобильді байланыс Қазақстанның әрбір тұрғынына, тұрғылықты және орналасқан жеріне қарамастан SMS арқылы алаяқтық фактілері туралы ақпарат жеткізуге, жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Kcell қолданушыларына ескертпе SMS-тер жіберілді. Тарату жүйесінің шектеулеріне байланысты SMS мәтіндеріндегі таңбалар саны шектеулі. Сондықтан хабарлама мәтіні қысқартылған. Ішкі істер министрлігі барша азаматтарды сақ болуға шақырады», - деді ІІМ өкілі.