​Қызылорда облысында тампонажды цемент зауыты қалай ашылды? (фото)

12 желтоқсан, 19:07

Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен жалпы ұлттық телекөпір кезінде Шиелі ауданында қуаттылығы жылына 1 млн тонналық тампонажды цемент зауыты ашылды, деп жазады Elitar.kz.

Зауыт маңында "Жаңа индустриализация - Елбасы бағдарламасы" деген жазуы бар баннер ілініп, оның алдында зауыттың 120 жұмысшысы сап түзеп тұрды. Арасында инвестордың есебінен оқытылған жастар да бар.

Олардың алдында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Евгений Ким, «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС бас басқарушысы Ли Цзиньцин, зауыт акционерлерінің бірінің өкілі Дәулет Тұрлыханов тұрды.

Дайындықтың соңғы сәттері телекөпірді күтумен өтті. Зауыттың басқарушысы шашын түзеп, әкімнің орынбасары және Тұрлыхановпен аздап сөйлесті. Осы сәтті пайдаланып, қытайлық жұмысшылар естелікке суретке түсті. Журналистер өз кезегінде мәліметтер жинап, фото және видеоға түсіре бастады.

Сағат 15:00 болғаны сол, алаңшада тыныштық орнап, қатысушылар зауытты Мемлекет басшысының назарына ұсыну үшін тік тұра қалды. Айта кетейік, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Астанада, телекөпірдің арғы жағында болды.
Облыс әкімдігі өкілдерінің айтуынша, зауытты таныстыру 24 секундта өтіп, ары қалай кезек өзге өңірлерге кетеді.
Таныстыру барысында басқарушы Ли Қазақстан Президентіне зауыт құрылысының аяқталғаны жөнінде мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл зауыт – Мемлекет басшысы құрған қолайлы инвестициялық жағдайдың нәтижесі.
Қазақстан бойынша түрлі кәсіпорындардың ашылуына созылған 1,5 сағаттан соң журналистер өздерін қызықтырған сауалдарын қоя бастады. Облыс әкімінің орынбасары Кимнің айтуынша, Қазақстанда тампонажды цементке деген сұраныс өте мол.
– Бұл цемент мұнай шығару мен уран өндірісінде қолданылады. Біз, ең алдымен, біздің өңірде ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында импорт тауарды алмастырамыз, - деді ол.
Зауытта тампонажды цементпен қоса құрылыс цементі де шығарылып, ол «Нұрлы жер» бағдарламасы мен Қызылордадағы сол жағалаудағы құрылысқа жұмсалмақ.
Зауыттың қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнімді құрайды. Нарықтың сұранысына сәйкес 30 пайыз тампонажды және 70 пайыз құрылыс цементі шығарылмақ. Зауытқа арнайы жергілікті 120 жігіт оқытылуда. Жұмысқа жаңа кірген қызметкерлердің орташа жалақысы 120 мың теңге.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда тампонажды цемент елімізге Ресей мен Қытайдан жеткізіледі. Енді жергілікті цемент Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарына жеткізілмек. Арал маңындағы мұнайшылар да тұтынушылар тізімінде. Жаңа зауыттың өнімі импорт тауарынан арзан болады. Қызылорда цементі, сонымен қоса, ЕАЭО, ТМД елдері мен Қытайға экспортталмақ.
Зауытты неліктен қытайлар соқты деген сауалға облыс әкімінің орынбасары «Gezhouba Group Cement Co.Ltd» компаниясы тампонажды цемент шығарудан әлемдік көшбасшы деп мәлімдеді. Дүние жүзінде осындай 100 зауыты бар, технологиялары да үздік саналады.
Жоспар бойынша зауыт толық өндірістік қуаттылығына екі жылдан кейін кіріспек. Алдымен 2019 жылы 500 тонна, бір жылдан кейін – 1 млн тонна.
Шенеуніктің айтуынша, жаңа зауыт тек үздік қана емес, экологиялық қауіпсіз де саналады. Кәдімгі цемент зауыттарында орнатылатын 6 сүзгінің орнына жаңа кәсіпорында 12 сүзгі қойылған.
– Бұл экологияға еш әсерін тигізбейтін ең заманауи цемент зауыты деп айта аламыз, - дейді облыс әкімі.
Ал осы арада іс-шараға қатысушылар инвесторлардың бірінің өкілі, белгілі қазақстандық спортшы Дәулет Тұрлыхановпен естелік суретке түсіп жатты. Біз де оған бірер сұрақ қойдық.
Зауыттағы технология Орталық Азия мен Қазақстандағы ең жаңасы деді ол.
– Инвесторлар бұл жобаны көп ойластырды. Біз 3 жыл бойы тек келіссөздер жүргіздік. Жобаның құны – 198 млн АҚШ доллары. Зауыт қытай инвесторларының қаржысына салынған. Қазақстан тарапы кәсіпорынға шикізат орнын ұсынды. Кен орнының қоры 100 млн тоннаға жуық. Жоба 6-7 жылда өзін ақтайды.
Дәулет Тұрлыхановтың айтуынша, болашақта кәсіпорын жұмысшыларының үлесінің 30 пайызын қытайлар, ал 70 пайызын Қазақстан азаматтары құрайды.
Басқарушы Ли өз кезегінде Қытайда 17 цемент зауыты бар екенін айтты. Ал Қызылорда облысында бірінші зауыт болып отыр.
Оның айтуынша, Қытайда экологиялық қауіпсіздік талаптары әлдеқайда қатаң. Сондықтан жаңа зауытқа қалдықты сүзгіштер қойылып отыр.
Компания бұған қоса Қазақстанның батысы мен жалпы Орталық Азияда цемент зауыттарын салуды жоспарлап отыр. Барлығы нарықтың сұранысына байланысты болмақ.
Айта кетейік, Шиелі зауыты өндірістік қуаттылықты көшіру бойынша Қазақстан-Қытай біріккен жобасындағы 51 өндіріс орнының тізіміне енеді.
Зауыт алғашқы өнімін 2019 жылдың наурыз айында шығармақ.

Галерея

198
199
200
201
202
203
204
205
206
207
208
209
210
211
212
213
214
215
216
217
218
219