Анталияға қоныс аударған қазақстандық не үшін кеткенін айтты

01 сәуір, 15:30

"Біз бағдарламаға қатысушыларға Анталия, Кемер, Бодрум, Мармарис, Аланья, Фетхие, Каш, Манавгатқа трансферлік гид лауазымына, сондай-ақ 4 және 5 жұлдызды отельдерде келесі лауазымдарда жұмысқа орналастыруды ұсынамыз: Hostess, Guest Relation, аниматор, даяшы, Receptionist, массажист және т.б." Интернеттен іздесеңіз, Түркияда жұмыс жасау туралы "Керемет" ұсыныстарымен ондаған сайт осылайша алдыңыздан шыға келеді. Негізінен жас ерекшелігі 18-30 жасқа дейін шектеулі.

Егер осыдан он жыл бұрын "Сұлтан Сулейман" еліне жастар сирек баратын болса, қазір жүздеген жастар Түркияға ойланбастан аттанып, сонда жұмыс істейді. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Нияз. Ол Шымкент тумасы. Анталияға он жыл бұрын көшіп кеткен. Түркия еліне табыс табу үшін келдім дейді ол. Кейінірек отбасын да туристік қалаға көшіріп алды. Анталияның жаңа ауданындағы 4 бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатыр, ал Қазақстанның үшінші мегаполисіне тек қонаққа келеді. Нияздың айтуынша, 4 бөлмелі пәтерді 500 АҚШ долларына жалдайды, жалақының қалғаны өмір сүруге жетеді. Тіпті жылына бір рет демалысқа баруға да мүмкіндігі бар.

"Алғаш рет Түркияға 2007 жылы турист ретінде келдім. Жазда қонақ үйдегілер жұмыс ұсынды. Мен келіспедім. Бірақ екі жылдан кейін Түркияға туризм саласындағы жұмысқа келдім. Бір жыл жұмыс істедім, жалақым да ойдағыдай болды. Тек отбасымды сағындым, өйткені олар менен алыста болды. 7 ай үй бетін көрмедім. Сондықтан мен отбасымды Түркияға әкелуді шештім, өйткені мұнда тұрақты жұмыс бар, жалақы да қанағаттандырады", - дейді жас жігіт.

Оның айтуынша, Түркия оны жоғары жалақымен ғана емес, көркем табиғатымен де баурап алған.
"Маған мұндағы ауа-райы ұнайды. Суық емес, тіпті қыста да минусқа түспейді. Жазда, әрине, ыстық. Бірақ, барлық жерде салқындатқыштар бар",-деді ол.
Түркияда ол трансферлік гид болып жұмыс істейді. Айтуынша, бұл жақсы пайда әкеледі. Ең бастысы - кейде туған елден келгендермен де қуана көрісуге мүмкіндік бар.
"Мен-трансферлік гидпін. 2015 жылдан бастап спорт саласына ауыстым. Түркияға көптеген қазақстандық спортшылар келеді. Тек футболшылар ғана емес. Мұнда регбистер да жаттығады. Біздің құрамадан бөлек, ресейлік құрамалар келеді. Өткен жылы Қазақстаннан палуандар жиын өткізді. Мен олармен бірге жүрдім. Шымкент футболшылары келген кезде қуанамын. Шыны керек, маған дәл осы командаларды беруі үшін барынша тырысамын. Бәрібір ностальгия ғой. Түркиядан Қазақстанға жыл сайын ұшып баруға тырысамын. Туған-туыстарыммен көрісемін. Өйткені, мұнда жақын достар мен туысқандар жоқ. Әрине, сағынамыз",-деді Шымкенттің тумасы.
Сонымен қатар ол Түркияда жүрген қазақстандықтардың проблемалары жоқ дегенді алға тартты:
"Бұл жақта ешқандай мәселе жоқ. Анталия көпұлтты. Оның үстіне мен - этникалық түрікпін. Месхет түркімін. Қазақстанда біз көппіз. Түрік тілін білемін. Үйде де үйреніп, өздігімнен сөйлейтінмін. Сондықтан маған тіл бойынша кедергі болған жоқ".
Ол біздің тілшімізден Шымкенттің мегаполис болғанын білді.
"Тамаша, бұл қала өсіп келеді. Егер шынымды айтсам, менің ойымша, Қазақстан халқы сияқты халық жер бетінде көп болуы керек және мені тұрғындар санының артуы қуантады. Ал Шымкентте қанша адам тұрады? Миллион?! Супер! Ең бастысы, менің жерлестерім аман-сау болса деймін. Егер біз сау болсақ, ақша да болады. Сіздерге сәттілік, менің жерлестерім" деп сөзін жалғады ол.

Forbes.kz ақпараты бойынша Түркияны өткен ғасырдың ортасынан бастап үлкен қазақ диаспорасы мекен етеді. Көптеген қазақтар жұмыс істейді және көпшілігінің бизнес–кәсіпорындары, дүкендері Ыстамбұл қаласында орналасқан. Қазақ ұлттық қоғамы Жерорта теңізінің курорттық жағалауында – Анталья мен Аланьяда белсенді дамып келеді. Анталияда Қазақстан консулдығы ашылды. Мұнда Қазақстанның іскер топтары мен шығармашылық ұжымдары өкілдерінің қатысуымен түрлі іскерлік, мәдени, білім беру іс-шаралары өткізіліп тұрады.